Ұлт тарихын ұлықтауға тиіспіз

Өткен тарихтан тағылым  ала сөйлесек, Қаздауысты  Қазыбектің атағы дәуірлеп тұрған кезде, бір саудагер биді арнайы іздеп, ауылына келіпті.

Түстеніп болған соң, әлгі саудагер Қазыбекке:

— Сізден бір сыр сұрайын деп едім. Біз бір керуен едік. Өзара дауластық та, ойластық та, бірақ шешуін таба алмай қойдық. Сөздің атасы кім, анасы кім? — депті.

Қаздауысты Қазыбек ойланып қалыпты.

— Япыр-ай! Өзбектің саудагері ғана білмейді екен десек, қазақтың Қазыбегі де білмейді екен ғой?! Биыл таппасаңыз, ендігі жылы табарсыз, — деген саудагер үйден шығып кетіпті. Қазыбек  орнынан ұшып тұрып, іле-шала тысқа  шықса, саудагер асығыс атына мінгелі тұр екен.

— Япыр-ай! Саудагердің  ісі сарт-сұрт деген рас екен ғой! Апыл-ғұпыл аттанғаның қалай?  Әлгі сөздің шешуін сұраймын деп, ендігі жылы тағы келіп, саудаңнан қаларсың, артыңа қарамайтын болып кет.

— Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық! Жүрген жеріңе айта жүр! — депті Қаздауысты Қазыбек би.

Ендеше, қазақтың хандары мен қолбасшылары, батырлары мен саясаткерлері, ақындары мен жыраулары, билері мен серілері, ертекшілері мен шешендері – бәрі де өздері өмір сүрген заманның обьективті құбылыстарын тілге тиек, ойларына өрнек еткен. Олар – қазақ халқының қоғамдық-саяси, мәдени құрылымын жасауға үлес қосқан. Адамгершілік пен имандылыққа, ізгілік пен патриоттыққа бастаушы болған.

Демек, қазіргі патриоттық тәрбиені жүргізудің басты тарауының бірі – ұлтымыздың ұлыларын таныта білу болмақ. Елінің тәуелсіздігі үшін басын бәйгеге тіккен, қапаланумен құрбан болған қазақтың ең соңғы ханы – Кенесарының қаһармандығы, өкінішті қазасы арада екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, ел-жұртының көкірегінде хатталып, санасында сақталып келеді. Исатай мен Махамбет жорытқан жолдар сайрап жатыр. Сарайшықта қазақтың шаһид болған хандары жерленген. Ендеше, ержүрек батырларымыздың рухына тағзым ету – азаматтық парызымыз.

Нәсіпқали  СӘМЕНОВ,

 «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-інің  Махамбет аудандық филиалы төрағасы, Құқық қорғау саласының үздігі, Махамбет ауданының «Құрметті азаматы».

 

Халық қаһарманы, қазақ әдебиетіндегі әскери прозаның негізін қалаушы Бауыржан Момышұлы: «Біз мал едік, қараңғы едік» деп соғатын кейбір шешенсымақтарға қатты ашу-ызам келеді. Сол кезде, яғни, өткен ғасырда өмір сүрген біздің кейбір хандарымыз бен билерімізге, мемлекет қайраткерлерімізге байланысты да осындай көзқараста болдық, ал бізде хан екен, демек антұрған деп қарайтын ұғым-түсінік болды. Мұның өзін парасаттылық еді деп  кім айта алады – сөз жоқ, ешкім де айта алмақ емес.

Өйткені, Кенесарыдан оның көзқарасының Маркс көзқарасымен сәйкес келуін талап етуге болмайды. Олар өз заманының мемлекет қайраткерлері,  әрі жақсы адамдар болған, сірә мұны теріске шығара қоюға болмас және оларды мақтаныш етуіміз керек – олар халықтың абыройы ғой!» деп, сонау 1944 жылы жазып қалдырыпты.  Одан әрі «Ұлттық мақтаныш – сол ұлттың адамы үшін қасиетті, әрі бұзылмас заң!» дегені патриоттық тәрбиенің өзегі болуы тиіс.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*