Онлайн карта іске қосылады

Биыл бірінші жартыжылдықта облыста мемлекеттік және жергілікті атқарушы орындарға азаматтардан 40 мыңға жуық өтініш түскен. Оның ішінде бес жүзден астамы прокуратура органдарында, 102-сі еліміздегі Ұлттық банктің филиалында болса, медициналық бақылау және фармацевтикалық қызмет көрсетуші мекемеге, сот органдарына қатысты арыздар да бар. Бұл туралы Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда еліміздің Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Болат Тазабековпен өткен кездесуде айтылды.

Аталған қызметке таяуда таға-йындалған ол Алматы, Маңғыстау облыстарын аралап, кезекті іссапарында Атырауға ат басын тіреді. Комитеттің аумақтық бас-қармаларының ұжымы, жер-гілікті әкімдіктің өкілдері мен студенттер қатысқан басқосуда Елбасының құқық қорғау мекемелерінің алдына қойған басты міндеті – халыққа сапалы қызмет көрсету, құзырлы орындарға деген әр азаматтың сенімділігін арттыру жайы айтылды.

«Құқықтық статистикалық ақпарат – прокурорлық қадағалау жүргізу кезінде және барлық мемлекеттік органдардың нақты бір негізді шешімдер қабылдауында басты мәлімет көзі. Мұнда қылмыстылық туралы ғана деректер емес, сот ше-шімдері, прокурорлық қадағалаудың нәтижесі, кәсіпкерлікті қолдау, мемлекеттік қызмет көрсетудің заңдылығының сақталуы туралы мәліметтер де жинақталады» деді Б.Тазабеков. Оның айтуынша, бүгінде прокуратура «Жол-көлік оқиғаларының тексерісі», «Өз айыппұлдарың туралы біл!», «Айқын», «Бизнес тірегі» секілді барлығы отыздан аса жобаны жүзеге асыруда.

Сондай-ақ, Ұлт жоспарының 32-қадамын орындау аясында «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» интернет-порталын жасау жөнінде баяндалды.

– Қазақстандықтарға қолжетімді болатын онлайн карта – елдегі қылмыстық ахуалды алақандағыдай көріп отыруға, ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді. Жаңа жүйені құрылымдау жұмыстары қазір аяқталуға жақын. Жоспар бойынша, қазан айынан бастап толықтай қолданысқа беріледі. Бүгінде өңірде мұндай карта Атырау және Құлсары қалаларында қызмет етуде. Ақпараттық жүйеде бір апта ішінде жасалған барлық заңбұзушылық тіркеледі, – деді Болат Алдабергенұлы.

Алтыншаш

ҚҰРМАШЕВА

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*