Азаттығымыздың айқын айғағы Конституция күні кең көлемде аталып өтті

  Конституция күніне арналған шара Махамбет атындағы қазақ драма театрында салтанатты сипатта, кең ауқымда аталып өтті. Оған қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев атыраулықтарды мерейлі мерекемен құттықтады.

— Ұлы дала тарихындағы «Тәуке ханның жеті жарғысы», «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» сынды дала заңдары — бүгінгі берекелі егемен еліміздің тарихи құндылықтары. Сол құжаттарда көрсетілген адам, адамның құқығы, еркіндігі, бостандығы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституцияда өз орындарын тапты. Қоғамдағы барлық қарым- қатынастарды реттейтін қолданыстағы заңдардың барлығы негізін Конституциядан алады. Ой, сөз бостандықтары, адамның құқықтары Ата Заңымызда айрықша көрініс тапқан. Мұның барлығы — бүкіләлемдік қауымдастық мойындаған қазақстандық модель.

  Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының нәтижесі. Қазіргі таңда Қазақстан әлемдік қауымдастықта өзінің лайықты орнын алып отыр. Елордамыз Астанада Елбасының бастамасымен әлемдік саясатқа әсер ететін басқосулар өтті. Мәселен, Шанхай ынтымақтастық және Еуропадағы қауіпсіздікті дамыту ұйымының отырыстары, дәстүрлі және әлемдік дінбасыларының бесінші съезі, басқа да көптеген әлемдік дамуда ықпалды басқосуларды атауға болады.

  Қазіргі таңда еліміздің алға қойған межесі айқын. Қазақстан – 2050 стратегиясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Нұрлы жол», басқа да мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы өзінің оң нәтижесін беріп отыр. Осының арқасында әлеуметтік мәселелер тек облыс орталықтарында ғана емес, аудандар мен елді мекендерде де оңтайлы шешімін табуда.

  Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына да 25 жыл. 1991 жылдың 29 тамызында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу жөніндегі жарлыққа қол қойды. Ядролық қарудан бас тарта отырып, бүгінгі күні Қазақстан Республикасы ядролық қарусыздану бастамасының көшбасшысы болып отыр, — деген облыс басшысы Нұрлан Асқарұлы, сондай ақ, тәуелсіздіктің 25 жылдық датасының маңызына тоқтала отырып, облыс орталықтарында ғана емес, аудандар мен елді мекендерде да жаңарулардың орын алғандығын айрықша атап өтті.

  Одан әрі өңір басшысы Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен бірнеше еңбек озаттары мен «Конституцияны жатқа білемін» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Мұнан соң Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына орай, ядролық сынақ алаңында әскери борышын өтеген Ерболат Ағиісов, Мұхтар Тәжіғұлов, Олег Ескеновтерге Алғыс хат табыстады.

  Мерекелік кеште облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мәдениет және өнер мекемелерінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Алтай Сүлейменов мемлекеттік қызметші ретінде салтанатты түрде ант қабылдады. Шара соңы сазды бағдарламамен жалғасты.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*