“7-20-25” бағдарламасы Атырауда қалай орындалуда?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасы аясында шілде айынан бастап «7 – 20 – 25» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Қазіргі таңда еліміз бойынша жеті банк оның нақты операторы деп танылды. Бағдарламаның жаңалығы неде? Оған кімдер қатыса алады? «Атырау» газетінің редакциясында жүргізілген «тікелей желі» барысында келіп түскен осы және өзге де сауалдарға ҚР Ұлттық Банкі Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Серік Сембайұлы Омаров жауап берді.

tikelei jeli

Басты талап – алдын-ала салым

Сұрақ:

– Жолдасым екеуміздің атымызда үй жоқ. Жалақымыз кішкентай. «7-20-25» бағдарламасы арқылы алдын ала төлемсіз үй ала аламыз ба? Егер, банктен депозит ашып, ай сайын салым салып отырсақ, осындай мүмкіндік қарастырыла ма?

Жауап:

– Бағдарлама бойынша алдын-ала төлем жиырма пайыз болып белгіленген. Және бұл өзгермейтін ставка. Бағдарламада басқалай жеңілдік шарттары қа-растырылмаған. Егер, қалтаңызда бас-тапқы жарна болмаған жағдайда, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» барып, депозит ашып, қаражат жинауға мүмкіндігіңіз бар.

Сұрақ:

– Менің атымда үй бар. Десе де, осы бағдарламаға ұлым қатыса ала ма? Оның тұрақты жұмысы, табысы бар. Бірақ, басыбайлы баспанасы жоқ.

Жауап:

– Бағдарламаға еліміздің азаматтары қатыса алады. Бағдарлама бойынша несие алудың бірнеше шарттары бар. Ал, егер ұлыңыздың атағына несие рәсімдегіңіз келсе, онда балаңыздың атында үй болмауы керек. Сіздің немесе отбасының басқа да мүшелерінің атында үйдің болуы, ұлыңызды бағдарламаға қатысу мүмкіндігінен айырмайды. Бағдарлама туралы толық ақпаратты ҚР Ұлттық Банкінің ресми сайтынан да немесе «Баспана» АҚ-ның baspana72025.kz сайтынан, 7 (7272) 7-20-25 калл орталығынан біле аласыз.

Сұрақ:

Бағдарлама туралы ақпарат беріп өтсеңіз?

Жауап:

– «7-20-25» бағдарламасы Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында дүние-ге келді. Мақсат – халқымыздың әр азаматын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Осыған орай, жуырда Ұлттық Банк бағдарламаны бекітіп, «Баспана» АҚ құрды. Аталмыш институт өзінің акцияларын нарыққа шығара отырып, инвестициялар тартады. Инвестициядан түскен қаражатты екінші деңгейдегі банктерге үлестіре отырып, рәсімделген несиелерді сатып ала алады. Ал, үйді салынып жатқан немесе құрылысы аяқталған кешендерден таңдай аласыз. Ескерерлігі, үйдің Атырау бойынша шекті сомасы 25 миллион теңгеден аспауы керек. Және аталмыш бағдарлама арқылы пәтермен бірге, жаңадан салынған жер үйлерді таңдай аласыз.

Сұрақ:

– Балам үй алғысы келеді. Бірақ, оның жалақысы аз. Баламызға ипотека рәсімделген жағдайда, ата-анасы оған гарант, яғни, кепілгер бола аламыз ба?

Жауап:

– Бағдарламада «созаемщик» термині қолданылады. Ипотека рәсімдеушіге кез келген адам гарант бола алады. Ол үшін гаранттың табысы үйді сатып алуға жеткілікті болуы керек. Бұл жерде банк ипотека рәсімдеушінің шығынына басты назар аударады. Соның ішінде кәмелетке толмаған балаларға жұмсалатын ай сайынғы шығын ескеріледі.

Сұрақ:

– Менің атымда үй бар. Жолдасымның атына ресми түрде баспана тіркелмеген. Жолдасым аталмыш бағдарламаға қатыса ала ма?

– Жауап:

– Жолдасыңыз бағдарламаға қатыса алады. Басты талап – өтініш берушінің атында үй болмауы керек. Жақын туыстары, жолдасы, бала-шағасының атында үй болса да, мұның бағдарламаға қатысуға әсері болмайды.

Сұрақ:

– Менің атымда тұтынушылық несие бар. Аталмыш бағдарламаға қатысып, үйге қол жеткізе аламын ба?

Жауап:

– Қандайма бір тұтынушылық не-сиенің болуы «7-20-25» бағдарламасына қатысуға кедергі бола алмайды. Бұл жерде адамның айлық табыс көлемі жеткілікті болуы керек. Ал, бағдарламаның басты талабы – өтініш берушінің атында ипотекалық несие болмауы қажет. Қазіргі таңда Атырауда «Банк Центр Кредит» ипотекалық несиені рәсімдеп бастады. Толығырақ мәліметті аталмыш банктен білсеңіз болады. Себебі, банк аталмыш бағдарлама бойынша алғашқылардың бірі болып тәжірибе жинақ-тауда.

Сұрақ:

– Интернет байланысы жете қоймаған шалғай ауылдық елді мекендер бағдарлама туралы ақпаратты қайдан алады?

Жауап:

– Бағдарлама туралы отандық телеарналар күнделікті хабарлар таратуда. Ал, шалғай ауылдарға кеңінен мәлімет жету үшін, жергілікті газет-журналдар көбірек іске қосылуы керек деп ойлаймын.

Жаңа пәтерді де, жер үйді де ала аласыз

Сұрақ:

– «7-20-25» бағдарлама бойынша Атырау қаласынан арнайы үй тұрғызылады ма? Және қазіргі таңда Атырауда қанша адам аталмыш бағдарлама бойынша баспаналы болды?

Жауап:

– Қазіргі таңда Атырауда он адам несие алып, үйлі болып отыр. Он жеті адам банктің оң шешімін алды. Ал, бағдарламаға арнап нақты үй салу мәселесін жергілікті билік шешеді. Әзірге айтарым, бағдарламаға қатысу үшін жаңа баспананы таңдау міндетті. Және бір айта кетерлігі, несиені 25 жылға рәсімдегеніңізбен, қарызды ертерек қайтарып, жауып тастауға мүмкіндігіңіз бар. 25 жыл азаматтарға берілген мүмкіндік қана.

Сұрақ:

– Соңғы кездері тұрғын үй кооперативтері көбейіп кетті. Мысалға, «Единый выбор» кооперативі үйдің жалпы құнының 20 пайызын салсаңыз, баспана береді. Бірақ, қарызды толық өтеп бітіргенше, үй кооперативтің атында тұрады. Ал, пай иесі Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы әлгі пәтерге тіркеуге тұрып, «обременение», яғни, пәтерді екінші тұлғаның сатуына шектеу қоюды ұсынады. Ал, «Отау КЗ» кооперативі тіпті, пайызсыз ипотеканы ұсынады. Пәтерді де бірден сіздің атыңызға аударып беруге дайын. Және кооперативтердің ешқайсы несие «тарихына» қарамайды. Жалпы, мұндай кооперативтерге қаншалықты сенім артуға болады? Олардың қызметі заң жүзінде, Ұлттық Банк тарапынан бақылана ма?

Жауап:

– Тұрғын үй кооперативтерінің қызметі Ұлттық Банк тарапынан бақыланбайды. Оларға сенім артуға иә сенбеуге болатыны туралы да кеңес бере алмаймын. Ал, «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша жас мөлшеріне шектеу жоқ. Кез келген дайын, аяқталған, құжаттары толық үйді ала аласыз.

Сұрақ:

– Осыдан біраз бұрын мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алдым. Қазір жалгер ретінде айына 3500 теңге төлеп отырмын. Үй атағыма ауған жоқ. Ендеше, Атырау қаласының Талғайраң ауылы маңында салынып жатқан жер үйлерді «7-20-25» бағдарламасы арқылы ала аламын ба?

Жауап:

– Қазіргі таңда атағыңызда меншік болмаса, бағдарламаға міндетті түрде қатыса аласыз. Алдымен, өзіңіз айтып отырған Талғайраң ауылында салынып жатқан үйдің бағасын білесіз. Кейін  банкке барып, төлем қабілетіңізді дәлелдейсіз. Егер, банк сізді бағдарламаның барлық талаптарына сәйкес келеді деп тапса, онда атыңызға несие беріледі.

Сұрақ:

– Бағдарламаға қатысушы банктердің проценттік ставкасында айырмашылық бола ма? Мәселен, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» мен «РБК» банктерінің арасында қандай айырмашылық бар?

Жауап:

– «7-20-25» бағдарламасына қатысушы банктер бірыңғай ережеге сәйкес жұмыс істейді. Сондықтан, пайыздық мөлшерлемеде ешқандай айырмашылық болмайды. Десе де, қазіргі таңда «Банк Центр Кредитке» жүгінгеніңіз тиімдірек. Өйткені, аталмыш банктің бұл бағдарлама бойынша жинақтаған тәжірибесі бар.

Сұрақ:

– Қызымның атында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» ашылған депозит бар. Қызым аталмыш бағдарламаға неше жастан бастап қатыса алады?

Жауап:

– Алдымен, адам кәмелетке толуы керек. Содан соң, өзінің төлем қабілетін дәлелдей алуы қажет. Егер, адам жұмыс істемей, тек қана депозиттегі жинағын алға тартатын болса, бұл жеткіліксіз. Бағдарлама шартына сай, адам міндетті түрде жұмыс істеуі керек.

Сұрақ:

– Ипотекаға үй алдық делік. Егер, адам өмірден өтіп кеткен жағдайда үй оның балаларына беріле ме?

Жауап:

– Асылында, рәсімделген ипотека міндетті түрде төленуі керек. Төлем қабілеті жоқ болған жағдайда, банктің үйді алып қоюына құқығы бар. Адам өмірден озған кезде, ол мұрагерлікке бір адамды қалдырады. Тіпті мұрагерлікке ешкімді қалдырмаған жағдайда, оның ең жақын туыстары мүлікті бөліп ала алады. Демек, ипотекалық несие бойынша міндеттемелер мүлік атына қалған адамға өтеді. Егер, мұрагер міндеттемелерді орындай алмаса, банк үйді алып қоюға құқылы.

WhatsApp желісі арқылы түскен сауалдар:

Бағдарлама тең құқық береді

Сұрақ:

– Есімім Нұрмира. Атырау қаласының тұрғынымын. «7-20-25» бағдарламасы бойынша үй беріліп басталды ма? Және қай банктер нақты іске кірісті? Бағдарламаға қатысудың   басты талаптары қандай? Үшіншіден, құны 11 миллион теңгенің тұрғын үйін алу үшін жалақымыз қанша болу қажет? Алдын-ала рахмет!

Жауап:

– Бағдарлама шілде айында іске қосылды. Оның басты шарты – Қазақстан Республикасының азаматы болу. Тұрақты жеке табысы болуы. Азаматтың атағында ипотекалық несиенің болмауы. Және меншігінде үйдің болмауы басты талаптар болып табылады. Несие жеті пайыздық мөлшерлемемен 25 жылға беріледі. Және бастапқы жарна үйдің жалпы құнының 20 пайызын құрауы тиіс. Атырау, Ақтау, Алматы және Астана қалалары үшін шекті сома 25 миллион теңге. Басқа өңірлер үшін белгіленген максималды сома 15 миллион теңге. Егер өтініш беруші азамат жоғарыда айтылған төрт талапқа сәйкес келсе және оның жалақысы кемінде айына 140 мың теңгені құраса, банкке жүгіну арқылы, төлем қабілетін анықтай алады. Қазіргі таңда аталмыш бағдарламаға жеті банк қатысады. Олар – «Банк Центр Кредит», «Евразия», «АТФ», «Цесна Банк», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «РБК» және «Халық Банкі». Бүгінде «Банк Центр Кредит» Атырау бойынша алғашқы болып жұмысты бастады. Ал, дайындық кезеңінен өтіп жатқан басқа банктер тамыз айының аяғында бағдарлама бойынша жұмыс бастайды деп күтілуде.

Сұрақ:

– Бағдарламаға азаматтар неше  жастан бастап қатыса алады? Және бағдарлама Атырауда нақты қай уақытта іске қосылады?

Жауап:

– Бағдарламаға кәмелетке толған, өзінің белгілі бір жұмысы, табысы бар және төлем қабілетін дәлелдеген адам қатыса алады.

Сұрақ:

– Саламатсыз ба! Он бір жылдық еңбек өтілім бар. Бюджеттік мекемеде жұмыс жасаймын. Мемлекеттік тұрғын үй кезегінде 2011 жылдан бері кезекте тұрмын. Басқа банкте кредитім бар. «7 – 20 – 25» бағдарламасымен жақын арада пәтер алу үшін не істеу керек?

Жауап:

– Бағдарламаның басты ерекшелігі – ол ел азаматтарының барлығына бірдей әрі тең құқық береді. Және әлеу-меттік мәртебесіне қарай, қандайма бір топ өкілдеріне артықшылық берілмейді. Барлық азаматтарға бірдей шарт қарастырылған. Сондықтан, бағдарламаға қатыса алатындығыңызды немесе қатыса алмайтындығыңызды білу үшін, қатысушы банктердің біріне жүгінгеніңіз жөн. Алдымен, пәтерді немесе үйді тауып алу керек. Кейін қажетті құжаттарды жинақтап банк-ке барған кезде, банк өтініш берушінің төлем қабілеттігін анықтап, тиісті жауабын береді.

Сұрақ:

– Біз Исатай ауданының тұрғынымыз. 1984 жылы туылған ұлым бар. Ауылда атағында жері бар. Аталмыш бағдарлама көмегімен ұлым жерге үй тұрғыза ала ма? Бағдарламада жеке үй салуға мүмкіндік қарастырылған ба?

Жауап:

– Бағдарлама дайын үйлерді сатып алуға ғана бағытталған. Сондықтан, атағыңыздағы учаскеге жаңадан үй тұрғызу мүмкіндігі бұл бағдарламада қарастырылмаған.

Сұрақ:

– Жолдасым жергілікті Төтенше жағдайлар департаментінде жұмыс істейді. Өзім бала күтімімен декреттік дема-лыста отырмын. Екі баламыз бар. Жолдасымның жалақысы 140 мың теңге. Осындай жағдайда біз «7-20-25» бағдарламасымен үй ала аламыз ба? Және мемлекеттік қызметкерлерге қандай ма бір жеңілдік қарастырылған ба?

Жауап:

– Бағдарламаның басты шарты – азаматтың тұрақты табысының болуы. Сондықтан, жолдасыңыз банкке жүгініп, мүмкіндігін сараптай алады. Және бұл жерде жалпы шығын есептелген уақытта, отбасының барлық мүшелерінің ескерілетіндігін айта кеткен жөн.

Сұрақ:

– Аты-жөнім Руслан Базарбекұлы. Әскери қызметкермін. Әскерилер үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасы жасалады деген сыбыс болған. Бірақ, әзірге мұндай жаңалық болмай отыр. Сұра-йын дегенім, «7-20-25» бағдарламасымен баспаналы болу үшін, үй құнының 20 пайызын жинау әскерилерге де міндетті ме? Арнайы жеңілдік қарастыру мүмкіндігі бола ма?

Жауап:

– Аталмыш бағдарлама еліміздің барлық азаматтарына тең құқық береді. Сондықтан, талап та бірдей. Жиырма пайыздық алдын ала жарна, бағдарламаның басты шарттарының бірі.

Төлем қабілетін дәлелдеу маңызды

Сұрақ:

– Ауылдық жерде тұрамыз. Өзім Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылынан хабарласып отырмын. Бала-келінім жас отбасы. Төрт баласы бар. Сегіз жылдан бері пәтер жалдап жүр. Ұлым теміржолшы. Келін бала күтімінде. Несие төлеп отырған жоқ. Маған бағдарлама туралы толыққанды ақпарат берсеңіз. Бағдарламаға ауылдың адамдары қатыса ала ма? Және бағдарлама көмегімен ауылдық жерден үй алуға бола ма?

Жауап:

– Бағдарламаның бірден бір ерекшелігі – азаматқа Қазақстанның кез келген нүктесінен баспана алу мүмкіндігі беріледі. Сондықтан, ауылда тұрып, қаладан немесе қалада тұрып ауылдан үй алуға мүмкіндік бар. Егер, бағдарламаның басты төрт шартына сәйкес келіп, жаңа үй тауып, банкке төлем қабілетіңізді  дәлелдеген жағдайда, баспаналы болу мүмкіндігі бар. Басты талап – үй жаңа және бұған дейін ешкімнің меншігінде болмауы тиіс.

Сұрақ:

– Біз жолдасым екеуміз Құрманғазы ауданында тұрамыз. Балаларымыз Алматы қаласында жұмыс жасайды. Балаларымыз Құрманғазы ауданында тіркеуде тұр. Алматы қаласынан үй алуға осы бағдарламаға қатыса ала ма? Және бағдарламаға қатысқан жағдайда пәтерді Алматыдан өздері іздеп та-уып, таңдауы қажет пе?

Жауап:

– Бұл бағдарлама өтініш берушінің қай жерде тіркеуде тұрғанына қарамайды. Атырауда тіркеуде тұрып, Алматыдан, Астанадан пәтер ала аласыз. Алдымен, клиент үйді өзі таңдап, банкке тиісті құжаттармен барады. Кейін банк өтініш берушінің төлем қабілетін тексереді. Егер, клиенттің табысы тиісті көлемде болып, бағдарламаның барлық шарттарына сәйкес келіп отырса, онда банк оңтайлы шешімін шығарады. Әрі қарай азамат құрылыс компаниясына алғашқы салымды төлейді. Баспана құнының қалған 80 пайызын банк құрылыс компаниясына аударады. Қазіргі таңда екі аптаның ішінде баспана кілтін алып жатқандар бар. Соңғы ақпарат бойынша, бағдарлама іске қосылғалы бері Атырауда он адам пәтерлі болған. Он үш адам банктің он шешімін алып, қазіргі таңда тиісті процедуралар атқарылып жатыр. Және алты – жеті өтініш қаралуда.

Сұрақ:

– «7-20-25» бағдарламасы туралы ақпаратты толығырақ қайдан алуға болады? Және бағдарламаға қандай банк-тер қатысады? «Тұрғынүйқұрылыс» банкіне барғанымызда, бағдарламаның әлі ашылмағанын айтты. Жақында теледидар арқылы бағдарламаның «БанкЦентрКредит» және «АТФ» банк-терінде іске қосылғанын естідім. Бұл қаншалықты рас? Және бағдарламаның басты талаптары қандай?

Жауап:

– Ұлттық Банк екінші деңгейлі банктерді бірнеше рет жинап, жиналыс жасады. Оларға халықпен қоян-қолтық жұмыс жасауға, кеңінен ақпарат беруге тапсырма берілді. Демек, сіз тиісті ақпаратты  басты қатысушы болып таныл-ған «Банк Центр Кредит», «Евразия», «АТФ», «Цесна Банк», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «РБК» және «Халық Банкі» бөлімшелерінен ала аласыз және бағдарлама туралы толық ақпарат ҚР Ұлттық Банкінің ресми сайтында жа-рияланған.

Жазып алған: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*