2020 жылдан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі

Еңбек жолын жаңадан бастаған жас мамандардың көпшілігі зейнетақыға қатысты мәселеге бас ауыртпайтыны рас. Алайда азаматтар болашақ зейнетақысы туралы қазірден бастап ойлануы керек. Бұл заман талабы.

ФОТО - БЖЗҚ

Қазіргі таңда зейнетақы жүйесінің құрылымы үш мүдделі тарапты – мемлекетті, жұмыс берушіні және жұмыскерді біріктіреді.

Мемлекет зейнетақы жүйесін реформалап, оған жинақтаушы құрамдауышты қоса отырып, азаматтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға шақырады.

Бұл жүйеде салымшы өзінің бүкіл еңбек жолында міндетті зейнетақы жарналары есебінен қанша қаржы жинаса, зейнеткерлік жасқа толғанда сонша қаржы алады. Бұл ретте оның жинағына зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңі бойынша инвестициялық табыс есептеліп отырады. Егер зейнетақы жинағының жалпы сомасы инфляция деңгейінен төмен болатын болса айырма сомасы республикалық бюджеттен біржолғы төлем ретінде зейнеткерлік жасқа толған алушының банк шотына аударылады.

Бұл ретте қаржы жинақтауда салымшыға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Егер ол ресми түрде жұмыс істеп, міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұратын болса, онда оның зейнетақы төлемдерінің мөлшері біріншіден:

1) оның зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына;

2) жүйеге енгізілген зейнетақы жарналарының саны мен сомасына;

3) жинақталған инвестициялық табысқа;

4) айлық табыстың өсу қарқынына тәуелді болады.

Мемлекет ешкімді ескерусіз қалдырмайды. Керісінше олардың қамын ойлайды. Яғни, республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады және инфляция деңгейін ескере отырып зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді.

Сонымен қатар жұмыс берушіге де үлкен жауапкершілік жүктелген. Ол міндетті зейнетақы жарналарын дер кезінде және толық көлемде аударып отыруы тиіс. Ал 2020 жылдан бастап өз қаражаты есебінен жұмыскерінің пайдасына жалақысының 5 пайызын оның шартты зейнетақы шотына аударуға міндеттенеді.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес жұмыс берушілер салымшының зейнетақы шотына міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады. Міндетті зейнетақы жарналары жұмыскердің айлық табысының 10 пайызын құрайды. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды және оларды жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына төлейді. Міндетті зейнетақы жарналарын(МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және аудару тәртібі мен мерзімі жоғарыда аталған Заңмен реттеледі.

МЗЖ және МКЗЖ дер кезінде төлеу – жұмыс берушінің өз жұмыскерлері үшін әлеуметтік жауапкершілігі ғана емес, сонымен қатар заңнама талабы.

Жұмыс берушілер уақытылы ұстап қалмаған (есебіне жазбаған) және (немесе) аудармаған МЗЖ және МКЗЖ сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе оларды мерзімін өткізіп алған әрбір күнге (Мемлекеттік корпорацияға төлейтін күнді қоса алғанда) қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде есебіне жазылған өсімпұлмен бірге жұмыскерлерінің пайдасына агенттер аударуға тиіс.

Сондықтан БЖЗҚ азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының жай-күйін және жұмыс беруші аударатын жарналардың дер кезінде, тұрақты және толыққанды аударылуын жеке зейнетақы шотынан алынатын үзінді-көшірме арқылы бақылап отыруға кеңес береді.

Үзінді-көшірмені алудың бірнеше тәсілі бар. Олар:

Қор кеңсесіне өзі келу, электрондық және дәстүрлі пошта байланысы, Қордың сайты немесе «ENPF» ұялы қосымшасы, сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен egov.kz электрондық үкіметі арқылы алу.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне шартты-жинақтаушы құрамдауыш, яғни жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі. Бұл үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жұмыскерлердің атына шартты зейнетақы шоттары ашылады. Оларға барлық жұмыс берушілер еңбек жағдайына қарамастан өз қаражаты есебінен жұмыскерлерінің пайдасына олардың айлық табысының 5 пайызын жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары ретінде аударатын болады. Бұл жарналардың артықшылығы сол, шартты зейнетақы шотындағы қаржы таусылып қалса да, бұл жарналардың есебінен зейнетақы төлемдері зейнеткерге өмір бойына төленеді. Бірақ, бұл үшін шартты зейнетақы шотына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары 5 жыл, яғни кемінде 60 ай тұрақты түрде аударылуы тиіс. Шартты зейнетақы шотына аударылатын жарналар жыл сайын капиталданады және қаржы құралдарына инвестицияланады.

Алғашқы жарналар 2020 жылдан бастап енгізіле бастайды. Ал алғашқы төлемдер сәйкесінше 2025 жылдан бастап төленеді.

Егер міндетті зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке зейнетақы шоттарына кәдімгі ақшалай қаражат жинақталатын болса, шартты зейнетақы шоттарына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары тек белгіленіп отырады, яғни тіркеледі. Бұл шоттағы зейнетақы жинақтары жұмыскердің меншігі болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды: егер салымшы (алушы) жүйеден шығатын болса оның шартты зейнетақы шотындағы қаражат басқа қатысушылар арасында үлестірілетін болады.

Осылайша, зейнетақы жүйесінің бұл құрамдауышы ортақ және жинақтаушы жүйенің артықшылықтарын қамтиды.

Сәйкесінше бизнестің өз жұмыскерлері үшін әлеуметтік жауапкершілігі арта түседі. Ал бұл, бүкіләлемдік үрдіс.

Айқара Ғұмар

Фото massaget.kz сайтынан алынған

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*