11 жасар Дәмелі Асылханова халықаралық жарыстан жүлдемен оралды

Ол қатысқан жарыстарынан әлі жүлдесіз оралып көрмепті. Соған әбден дағдыланған тәрізді. Әр жарыстағы белдесулері оған құдды кезекті жаттығу жасап жүргендей сезілетіндей. Бойынан ешқандай өзгешелік таба алмай таң қаласың. Сондай сабырлы, бірбеткей, мінезді қалпынан танбайды. Міне, жуырда Башқұртстанның бас қаласы Уфада өткен халықаралық жарыстан қола медальмен оралды.

Қайсар қыз

Бұл – қазақтың қаршадай қызы Дәмелі Асылханова. Оның небәрі он бір жаста бола тұра дзюдо күресінен «Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер» спорттық атағы бар. Спорттан хабарлы кез келген адам бұл атақтың оңай жолмен келмейтінін, оның артында төгілген маңдай тер, зор еңбек жатқанын түсінеді.

Дәмелінің бойындағы дара күшті алдымен әкесі байқапты. Сөйтіп, спортпен шұғылдануға кеңес береді. Әкесі Қайрат Сисенов те спорттан құр алақан емес. Өзге салада қызмет істесе де жаттығу залына  тұрақты түрде барып тұрады.

Сондай кезекті бір жаттығуына қайсар қызын ертіп барып, дзюдо күресімен таныстырады. Қаршадай қыз тапжылмай тамашалаудан жалығып, әкесінің қимылдарын қайталауға көшеді. Әкесі аунаса аунайды, секірсе ол да секіреді. Ұзақ қашықтыққа жүгіріп еді, ол да төзімділік танытып, әкесінен бір елі қалған жоқ. Осыдан бастап Дәмелінің күреске деген аңсары ауады.

Ол Балықшы кентінде орналасқан спорт мектебіндегі дзюдо күресінің үйірмесіне тоғыз жасында жазылып, жаттықтырушысы Анель Сүлейменовадан күрестің қыр-сырын үйрене бастады. Әр жаттығуға  бар ынта-жігерімен кірісіп, әр әдісті шынайы құлшыныспен жасауға дағдыланды. Күреске келгеніне екі ай толар-толмаста қалалық жарыстан бірінші орынды иеленді. Жеңістің тәтті дәмін татқан оны одан әрі тоқтату мүмкін болмады. Бірнеше қалалық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарды.

Наурыз айында Ақтөбе облысының  Шалқар қаласында қыздар арасында дзюдодан ашық республикалық турнир өтті. Аталған турнирге барлығы 200-ге жуық спортшы қатысып, Атыраудан барған   жеті қыздың алтауы алтыннан алқа тағынып келді. Оның бірі әрине Дәмелі болды. Қыздарымыздың бұл жетістігін спорт мамандары өте жоғары бағалап отыр.

«Болар бала жасынан» демекші, жыл жарымда  жасындай жарқыраған  Дәмелінің болашағынан «қазағымның атағын асқақтатады» деген дәмеміз болғандықтан, еріксіз қолымызға қалам алуымызға тура келді.

Гүлге де жасынан қамқорлық жасап, гүлдеуіне мүмкіндік берсек, ерекше сұлу өсімдік болып шыға келеді. Сол сияқты, бүлдіршін қызымыздың бейімділігін бағалап, одан әрі дамытса, есейе келе биіктерден бой көрсетеді деген сенімдеміз.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*