Атырауда өзбекстандық жеті азамат жауапкершілікке тартылды

sot kimi Құқық

Атырау облысының Қызылқоға аудандық сотында Өзбекстан Республикасының жеті азаматы жауапкершілікке тартылды.

сот-үкімі

«Өзбекстан Республикасының жеті бірдей азаматы Қазақстанға жеке мақсатымен «Бейнеу» бекеті арқылы келіп, Атырау қаласы көші-қон полиция бөлімінен тіркеуден өтіп, кейін Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылына тіркелген. Алайда, ішкі істер органы қызметкері 21 мамырда тексеру кезінде шетелдіктердің көрсетілген мекен-жайда тұрмайтындығын анықтаған», – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, сот отырысында Өзбекстан азаматтары құжаттарды дұрыс толтырмаудағы кінәларын мойындап, өздерінің Миялы селосындағы таныстарына табыс табу үшін келгендерін, жаңа мекен-жайда тіркелусіз 10-15 күндей тұрып жатқандарын, құжаттарын қайта тіркеуге тапсырып қойғандарын айтып, қатаң жазаламауды сұрады.

Айта кету керек, сот қаулысымен Өзбекстан Республикасының жеті азаматы Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 517-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағандары үшін кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысына 36 075 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл жазасы тағайындалды.

Хорлан Смадияр

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз