Құстар қашып барады мекенінен…

7867524 Экология

Мамандардың айтуынша, соңғы он жылдың жетегінде Жайықтағы қанаттылар ұяларын жағадан алысқа ауыстырыпты. Олар сірә, әбден мазасын алған адамдардан аулақ кеткенді қолайлы көрсе керек. Алайда, бұл Солтүстік Каспий экологиялық базасын жолаушылар тасымалдайтын орынға айналдыруға негіз болмауы тиіс.

7867524

Әлі есімізде, бұдан он шақты жыл бұрын Солтүстік Каспий экологиялық базасын салу жөнінде әңгіме қозғал-ғанда тұрғындар мен балықшылар бірден қарсы шыққан-ды. Олардың алдымен айтқан уәжі – Дамбы елді мекенінің Приморск каналы су маржандарының шоғырланатын жері. Демек, кооперативтер тартымнан қағылады. Бұл ауылдағылардың күнкөрісін төмендетеді. Одан әрі осы базаны сылтау етіп, әлдекімдердің басқаға білдірмей ау салуы ықтималдығы сөз болды. Әрине, назардан тыс, көзден таса өңірде бәрі де мүмкін. Қол созым жерде жүзіп жүрген балыққа кім қызықпайды?

Әйтсе де, сол кездегі тапсырысшы «ҚазМұнайГаз-Теңіз» акционерлік қоғамының өкілдері жұртшылықты иландыруға ұмтылды. Ешқандай басқа кәсіп болмайтынын, база қызметі теңізге төгілуі ықтимал мұнай қалдықтарын жинауға ғана бағытталатынын айтты. Осы өңірдің адамдарын қызметке қабылдауға уәде берді. Әйтеуір, қызықтыруға тырысты. Дегенмен, жергілікті экологтар сол кезде де бұл жерді мекендеген жануарлар әлемінің қалыпты тұрмысына қатер төнетінін ескертіп, дабыл қаққан. Олардың ойымен облыстық әкімдік те келіскен. Мәселе Астанаға дейін көтеріліп, мұнда Үкімет комиссиясы да келген. Үш министрлік жетекшісінің Атырауда ахуалмен танысқаны, жұртшылықпен және жергілікті басшылармен жүздескені жадымызда. Осы кездесулер нәтижесінде база құрылысы сәл кейін шегіндіріліп, қазіргі орны таңдалған-ды. Рас, мұны да қолайлы көрмегендер табылды. Мәселен, белгілі эколог Махамбет Хакимов мұның да жеткіліксіздігін айтқан.

Иә, сонымен база салынды. Оның мақсаты – Қашағанда мұнай тасымалдау немесе өндіру кезінде теңізге төгілер ықтимал қалдықтардың таралуына жол бермеу. Яғни, дер кезінде жинап алу. Рас, қуаты шағын екені ескертілді. Егер үлкен апат орын алса, онда сырттан күш тартылатыны жоспарланды. Өзге уақытта мұнда ешқандай жұмыс жасалмауы көзделді. Яғни, балықтарды үркітіп, құстарды шошытып алмау шаралары қарастырылды.

Содан бері қандай өзгеріс болды? Бүгінде базаға «КМГ-ТрансКаспий» мекемесі негізінде құрылған «KMG Systems & Services» (KMG SS) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі иелік етеді. Бас кеңсесі Астананың Есіл ауданында болғанымен, бұл да бөтен құрылым емес. Оның 100 пайыздық акциясы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі. Демек, өзіміздің өндірістік ошағымыз. Ендеше, о бастағы қызмет аясы неге өзгертілді?

Лауазым иесі НКОК компаниясының әр жылы теңізде зерттеу жұмыстарын жүргізетінін, итбалықтардың мекенін айналып өтетін маршрут таңдалғанын айтады. Ал, орнитолог Виктория Кавшарь соңғы он жылда қанаттылар жағадан қашықтап, ұяларын айдынның ортасына қарай орналастыра бастағанын баяндайды. Яғни, олар өздерін қайықтар да, тікұшақтар да мазаламайтын жерді паналауда. Шындығында, адамдар теңіз жануарларын мекенінен қуып шықты. Енді басып алған орынды өндірістік мақсатқа пайдаланбақ.

Бірақ, теңіз жануарлары қандай күйге түспек? Тағы қашып қайда тығылмақ? Сайып келгенде, Каспийде итбалықтар паналайтын орын да қалмады. Бұдан біраз жыл бұрын белгі салынып жіберілген олардың бірнешеуі айдын төсін әбден аралап, кейін қайтып келген-ді. Демек, теңіздің өзге жағалауында олар мекендейтін орын жоқ. Енді бізден де күдерін үзсе, қайда барар екен?

Меңдібай ЕЛЕМЕСҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз