Құлсарының Қамыскөлі құрғамаса екен…

5447d24b53336 Жаңалықтар

Депутаттық қызмет атқарған алты жылдың ішінде Жылыой ауданы аумағындағы біраз өзекті мәселенің оң шешім табуына, дәлірек айтқанда, еліміздегі мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерде жүзеге асуына атсалысып келемін. «Мектепке жол» акциясы, қайырымдылық айы, Қарттар күні, Халықаралық Балаларды қорғау күніндегі шаралар, әлеуметтік қамқорлыққа мұқтаж аз қамтылған отбасы мен олардың балаларының жағдайы үнемі басты назарымда.

5447d24b51f8d (1)

«Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде әріптестеріммен бірге Елбасы тапсырмасына сәйкес жасақталған бағдарламалардың, аудан бюджетінің уақытында қабылданып, оның өз деңгейінде орындалуын мәслихат сессиялары мен арнайы комиссия отырысында талқылап, қадағалап отырамыз. Осы жылдар ішінде Майкөмген, Ақкиізтоғай, Тұрғызба ауылдарындағы сайлаушылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары мен округтерге ортақ мәселелердің түйінін тарқатуға күш салдым.

Ауыл мен ауыл шаруашылығы саласының проблемалары ­– партиялық жұмысымның басты бағыттарының бірі. Бірақ, бұл аудан орталығындағы өзекті мәселелер мені  толғандырмайды деген сөз емес. Теңіз мұнайының астанасы атанған – Құлсары туған қалам болған соң ондағы әрбір түйінді түйткілден айналып кете алмаймын.

Биыл шаруагерлер бастан кешіп жатқан қуаңшылық қала халқына да әсер етпей қоймады. Қожалықтар шабындығы мен жайылымдық жеріне су жеткізе алмай қамкөңіл болып, сары уайымға салынса, құлсарылықтар үшін Қамыскөлдің мәселесі бой көтерді. Далаға жетпеген су қалаға да тамбай қалды. Соның салдарынан Құлсарының айнасына айналған айдынды Қамыскөлдің аңқасы кеуіп, арнасы тартылды. Көл бұрынғы өз жағалауынан бұрын-соңды болып көрмеген қашықтыққа дейін алыстап, көз алдыңа Аралдың тағдырын елестетіп, жүрекке қорқыныш сезімін ұялатты.

Шағаласы шалқып, толқыны жағаға ұрып, көкке шапшып жататын көліміздің шалшық су тәрізді аянышты халі арқама аяздай батты. Суы бұлайша шіри берсе, онда қалада экологиялық проблеманың туындауы ғажап емес. Бұрын қаншама қуаңшылық пен құрғақшылық етек жайса да, Қамыскөл мұндай жағдайға душар болмап еді ғой?! Қалайша? Неге біз оған жол беріп алдық?

5447d24b53336

Сөздің шыны керек, қазір бізге «қаламыздың айнасына» қарайтын бет қалмады. Қаламыз дамып, кеңейіп келеді, керісінше, көлдің арнасы тарылып барады. Сондықтан, бұл мәселені көп болып шешетін кез келіп жетті деп ойлаймын.

Біріншіден, жылда көктемгі тасқын кезінде Жемнен келетін мол судың ешқайда бұрылмастан тікесінен Құрсай арқылы Қамыскөлге құйылуын жергілікті құзырлы органға міндеттеу керек. Ең алдымен, көл толтырылмай, өзен арнасы еш бағытқа бұрылмауы қажет. Суды өз бетімен «қайырып» әкетуге әрекет еткен кез келген адам әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс. Оған Жылыой аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметін жұмылдырған жөн. Өйткені, өлкеміздегі су бассейндері – мемлекеттің меншігіндегі табиғи ресурс.

Екіншіден, Қамыскөл үшін қосымша су қорын жасақтау қажет. Ол үшін арнайы бассейн салса да артықтық етпейді. Кеңес өкіметі кезінде Аралтөбе аумағынан  су қорын жасақтау жөнінде жоба да жасақталған болатын. Аталған мәселені Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов те қозғап жүр. Егер бұл жоба қайта жаңғыртылып, нақты түрде жүзеге асса, онда аудан мен Құлсары қаласы үшін су мәселесі шешімін табар еді.

Үшіншіден, Құрсай өзегі мен Қамыскөлді тереңдету жұмыстары жүргізілуі керек. Бұл қазіргідей қуаңшылық қысып, су тапшылығын тартып отырған биылғыдай кезеңде Қамыскөл арнасын су қоры арқылы жаңартып алуға мүмкіндік береді. Ал, оның топырағын Құлсары қаласындағы «Мешіт» ауылы мен «Автожолшылар» ықшамауданы аралығындағы сордың үстіне төккен тиімдірек. Сонда ол жерлер қала тұрғындары үшін құрылыс алаңына айналары сөзсіз. Осындай жұмыстармен бірге Қамыскөл мен Құрсай өзегінің жағалауында абаттандыру жұмыстары да міндетті түрде жүргізілуі тиіс.

Қамыскөл – Құлсарының айнасы. Айнаның айдынынан өз жүзімізді ұялмай көру үшін бұл көлдің тағдырына бейжай қарамағанымыз жөн, ағайын! Осы айтылған ұсыныстар жерде қалмай, құзырлы орган мамандары іске кіріссе, шешілмейтін мәселе жоқ.

Талғат  Майлыбаев,

Жылыой аудандық мәслихатының

депутаты,

Құлсары қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз