ЖЫЛЫМЫҚ

КЕЗЕКШІ БАҒАНАСЫ Мәселе Экология

            Қылышын сүйретіп қыс келгеніне де екі айдың жүзі болды. Солай бола тұра Атырау қаласының тұрғындары биылғы жылы әлі күнге дейін қытымыр қыс пен сақылдаған сары аязды жарытып көре алмауда. Үскірік аяз бен бетқаратпас боран шақырып отырған дәнемеміз жоқ, әшейін,  қыс мезгілі болған соң табиғаттың да соған сәйкес үйлесімді мінез көрсеткенін қалағаннан соң айтылған сөзіміз ғой.

            Иә, бүгінгі күні қала аумағындағы ауа райында  жылымық жағдай белең алып тұр. «Түске дейін – киіз, түстен кейін – мейіз» дегендейін. Адамдарды бүрсең қаққызып, қол тоңдырып, құлақ шымырлататын бұрынғы бірқалыпты тұратын аяз атаулы  қазіргі таңда бәзбіреулердің арманына айналғандай. Олай дейтін себебіміз, жақын аралықта  Жайық өзенін жағалап барып өзеннің арғы бетіне өтуге ниеттендім. Қыстың қақ ортасы болған соң әрине, жол қысқарту үшін төтесінен тартып мұз үстіне шығатынымыз қалыпты дүние ғой. Мен де сол ойды жүзеге асыру  мақсатында жағаға аяқ салдым. Сөйтсем, кесе көлденең ағараңдап жатқан мұз-өзеннің ұзына бойы етегінде халық арасында «қызыл су» аталып кеткен жайылма су кілкіп тұр екен. Ойға алған ісімді жүзеге асыруға тобықтан келетін осы-бір судың кедергі бола қалғаны. Содан, өткел іздеп су жағалап кеттім. Сөйтсем, «арғы бетке өтуі мұң боп қалған» жалғыз мен емес боп шықтым. Су бойын жағалаған егделеу екі адам қарсы шықты. Келген бағыттарында  да осы көрініс екендігін айтып, әлгі адамның бірі:          

-Өзен жағасында өскен қазақпын ғой. Ес білгелі, ақпан айында мұз үстіне шыға алмағанды көріп тұрғаным осы. Бұл өзі не боп барады?  «Глобальное потепление» (Жаһандық жылыну – ауд. автор)  деген құбылыстың расымен де болып жатқанының көрінісі ме екен? Баяғы сарышұнақ аяз бірқалыпты тұратын кездер, бүгінгі күні көзімізден бұл-бұл ұшты ғой, тәйірі, – дегені. Осылайша, ұшы-қиыры жоқ созылған судың мұз бетіне шығуға мұрсат берер шетін таба алмай, тауымыз шағылып жағадан алыстай бердік.

Күннің бұлай жылынуы сонымен қатар балалардың да мезгілге сай асыр-салып ойнай алмауына себеп боп тұр. Қалың жауған қарда аққала соғып, қар атысып ойнауды аңсайтын бүлдіршіндер өздеріне арнап «Тұрғын үй қалашығы» ауданындағы жаяу жүргіншілер көпірі  мен көлікке арналған көпірдің қиылысында орнатылған жасанды мұз айдынына да барғылары-ақ келеді. Амал нешік, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметкерлері орнатқан осы бір тамаша ойын алаңы оларға өз қызметін табиғат жағдайына байланысты толыққанды көрсете алмай тұр. Аяз түсісімен алаңға құйылған су мұз болып жарытпайды, сәл қата бастаған кезде  күннің жылуынан қайта су болып, қара жерге сіңіп кете барады.  Осылайша, конькилері мен хоккей таяқшаларын арқалаған балалар салдары суға кетіп, томсырайып кете барады.

Расымен де ауа-райының  жылымық тартуы, әзірге, балаға да қараға да қолайсыздық танытып тұр. Иә, әр нәрсе өз үйлесімімен болғаны қандай жақсы еді.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *