Темір тордың ар жағында да өмір бар…

Бүгінгі таңда еліміздің барлық түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандарға білім алуға, еңбек етуге, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндігінше жағдай жасалған. Бұл – олардың бас бостандығынан айыру орындарында конституциялық құқықтарының шектелмей, керісінше, түзелу жолына түсуге беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Түзеу мекемелерінде жұмыс жасап келе жатқан өздігінен қызмет ету ұйымдары – соның анық дәлелі. Осындай тәрбиелік мәні зор ұйымдардың бірі Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты УГ-157/1 тергеу изоляторында Арнайы контингент арасындағы тәрбие жұмысы бөлімінің аға инспекторы Қаламқас Әшірханның ұйымдастыруымен жүйелі жұмыс істеп келеді.

Бастама

Қаламқас Мәштәйқызының айтуынша, тергеу изоляторларында сот үкімімен қамауға алынған тергеудегі адамдардан бөлек, мекеменің шаруашылық қызметіне қалдырылған сотталушылар да ұсталатын көрінеді. «Олар – өмірде аяғын шалыс басқанымен, жеңіл қылмыс жасағандар. Сондай-ақ, олар мемлекет және жәбірленуші алдында қарызы жоқ жазасын өтеушілер. Бір және бес жыл аралығындағы мерзімге бас бостандығынан айрылғандар тергеу мекемесінің шаруашылық қызметіне қалдырылады. Бүгінде мекеменің шаруашылық бөлімінде 21 адам жазасын өтеуде. Оның 18-і – ер адам болса, 3-еуі – әйел»,-дейді Қаламқас Әшірхан.

Бір қызығы, осы жазасын өтеушілердің бос уақыттарын тиімді пайдалану және түзелу жолына түсуіне көмек ретінде сотталғандар арасында өздігінен қызмет ету ұйымдары жұмыс жасап келеді екен. Жақында осы ұйымның тағы бір секциясы ашылыпты. «Санитарлық-гигиеналық секция», «Спорт және бос уақытта өзін-өзі тәрбиелеу секциясы», «Ерікті өрт сөндірушілер секциясы» секілді өздігінен қызмет ету ұйымдарының қатары енді өндірістік бағыттағы «Қолөнер және шығармашылық жұмыс секциясымен» толықты.

Ресми түрде заңдастырылған аталмыш секциялар жазасын өтеушілерді адамгершілік, эстетикалық тұрғыда тәрбиелеп қана қоймайды, олардың шығармашылығын шыңдай түседі, сондай-ақ, сотталғандардың бос уақытын тиімді пайдалануға себепші болады. Мәселен, «Санитарлық-гигиеналық секция» мүшелері мекемедегі тазалықты сақтауға жәрдемші болса, «Ерікті өрт сөндірушілер секциясы» абақтыда орын алған тілсіз жауды дер кезінде ауыздықтауға көмек етеді.

Осы секцияның жұмысын жандандыру үшін жыл басынан бері қаладағы өрт сөндіру мекемелерінің қызметкерлерімен бірге арнайы оқу-жаттығу жиындары тұрақты түрде өткізіліпті. Ал, «Спорт және бос уақытта өзін-өзі тәрбиелеу секциясында» жазасын өтеушілер спортпен шұғылданып, бос уақыттарында кітап оқу, тәрбиелік-танымдық жұмыстармен танысуға көңіл бөледі екен.

Тағы бір айта кетерлігі, бұрын мұндағылар әртүрлі қолөнер бұйымдарын тек әуесқой ретінде жасап келсе, бұдан былай жаңадан ашылып отырған «Қолөнер және шығармашылық жұмыс секциясына» түзеу мекемесі бастығының бұйрығымен ресми түрде мүшелікке өтіп, өздерінің қолынан шыққан бұйымдарының заңды авторы атанады. Сондай-ақ, олар өздерінің туындыларын түрлі көрмелер мен байқауларға да ұсына алады. Байқау демекші, жыл сайын еліміздегі барлық түзеу мекемелері арасында өткізіліп келе жатқан республикалық қолөнер шеберлерінің биылғы «Үміт-2017» байқауында аталмыш секцияның мүшесі, жазасын өтеуші Ерболат Мамутов бақ сынап, жеңімпаз атаныпты. Байқау ережесіне сәйкес, жеңімпаздың қолынан шыққан туынды Алматы қаласындағы жетімдер үйіне сыйға тартылыпты.

«Әділет капитаны Қаламқас Әшірханның ұйымдастыруымен жаңадан ашылып отырған «Қолөнер және шығармашылық жұмыс секциясы» қолдауға тұрарлық және үлгі аларлық бастама. Шындығына келгенде, мұндай секцияның мүшесі атанып, өз шығармашылық өнерін дамыту немесе жаңадан үйрену – түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілерге де үлкен көмек. Бір ғана мысал, еліміздің Қылмыстық кодексінің «Жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату» деп аталатын 70-ші бабының 1-ші тармағында өзін жақсы жағынан көрсеткен, өздігінен қызмет ету ұйымдарының жұмысына және тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысқандарға сот тағайындаған жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу мүмкіндігі секілді рақымшылық шаралары қарастырылған. Сондай-ақ, ҚР Ішкі істер министрінің 2012 жылғы 30 наурыздағы №184 бұйрығымен бекітілген «Бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізу қағидасында» да осы ұйым мүшелеріне жеңілдіктер жасалатындығы атап өтілген. Яғни, өздігінен қызмет ету ұйымдарының жазасын өтеушілерге де, қызметкерлерге де жақсылығы көп деген сөз»,-дейді Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Ризабек Дәулетов.

Қаламқас Мәштайқызы бізбен әңгімесінде бүгінгі таңда УГ-157/1 түзеу мекемесі және жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтитын «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Еңбек-Атырау» филиалы басшылығының арасында «Қолөнер және шығармашылық жұмыс секциясы» мүшелеріне өзінің өндірістік қалдықтарын беріп тұру туралы келісім жасалғандығын да атап өтті.

Иә, темір тордың ар жағында да өмір бар екендігін осыдан-ақ көруге болады…

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*